Фото авторы: желі
Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай санкцияланған. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінді.
Агенттіктің хабарлауынша, Қайсар Қамза соңғы бес жыл бойы Instagram желісінде qais_arr атауымен (2,4 миллион жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп келген. Сонымен қатар ол Telegram желісіндегі «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өз парақшалары арқылы Қазақстан азаматтарын «Pinco» онлайн казиносында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға үндейтін материалдарды жүйелі түрде жариялап отырған. Жазбаларда арнайы сілтемелер, графикалық элементтер және тікелей шақырулар орналастырылған. Сонымен бірге пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын да көрсеткен.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, блогер ойын платформасын жарнамалау арқылы сыйақы, бонус және пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған.
Заңсыз табысты жасыру мақсатында күдікті криптовалюталық әмиян пайдаланғаны анықталды. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған. Сот санкциясымен оның 182 736,741 USDT (шамамен 182 мың доллар) көлеміндегі криптоактивтеріне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Пікір жоқ