Фото авторы: depositphotos.com
Әлеуметтік желілерде "Атыраулық хакер" деген атпен танылған Атырау облысының тұрғыны Түркияда ұсталды, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Бұған дейін облыстық полиция департаменті ер адам бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қаңтарда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіні сырттай қамауға алу туралы санкция берген. Кейін оған халықаралық іздеу жарияланған.
"Ақпанда күдікті Түркияның Самсун қаласында ұсталды. Қазір Қазақстанның Бас прокуратурасы күдіктіні елге қайтару (экстрадициялау) туралы сұрау дайындау үшін тиісті өтініш жолдады", - деп хабарлады басылым облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық істің мән-жайын нақтылап берді.
"2025 жылғы сәуірде полицияға алаяқтық дерегі бойынша төрт арыз түсті, соның негізінде қылмыстық іс қозғалды. Іс төрт эпизодты қамтиды және Жангелдин ауылындағы отбасының жоғалуына қатысы жоқ. Қазір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды, тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады ПД өкілдері.
Құқық қорғаушылар "хакердің" Қазақстаннан 2025 жылғы сәуірінде-ақ кеткенін, әлеуметтік желілерде өзінің "тергеуін" жариялауды бұдан әлдеқайда кейін бастағанын атап өтті.
Редакцияға аноним оқырман хабарласып, "хакер" 2026 жылғы қаңтардың аяғында Ыстамбұлда (Түркия) ұсталған болуы мүмкін екенін айтқан.
Редакция оның Instagram-парақшасын да қарап шықты. Жарияланған материалдарға қарағанда, кейінгі апталарда аккаунт жаңартылмаған, ал қаңтардың аяғынан бері жаңа жазбалар шықпаған. Дәл осы жайт кей қолданушылардың назарын аударған.
Пікір жоқ