Фото авторы: bbc.com/russian
Атырау облыстық полиция департаменті өзін “хакер” ретінде таныстырып, өңірде жоғалған отбасы ісіне қатысты жеке нұсқасын таратқан азаматқа байланысты қылмыстық іс жөнінде қосымша ақпарат берді,- деп хабарлайды Newmedia.kz
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық дерегі бойынша төрт арыз тіркелген. Аталған фактілер негізінде төрт эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалған.
Полиция бұл істің Жангелдин ауылында жоғалған отбасы оқиғасына қатысы жоқ екенін нақтылады. Қазіргі уақытта күдікті халықаралық іздеуде. Оның нақты қай жерде жүргені анықталмаған, жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары күдіктінің 2025 жылдың сәуір айында, яғни әлеуметтік желілерде өз “зерттеуін” жарияламай тұрып-ақ Қазақстан аумағынан шығып кеткенін хабарлады.
Бұған дейін редакцияға белгісіз дереккөзден аталған азаматтың 2026 жылдың қаңтар айының соңында Түркияның Стамбул қаласында ұсталғаны туралы болжамды ақпарат түскен.
Алайда полиция бұл мәліметті растаған жоқ. Ресми жауапқа сәйкес, күдікті әлі табылмаған.
“Аталған тұлға алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында халықаралық іздеуде. Оның орналасқан жерін анықтау және ұстау мақсатында тиісті жедел шаралар жүргізілуде”, – деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Атырау облысында бір отбасының жоғалып кеткені туралы ақпарат тарағаннан кейін Instagram желісінде өзін “Атыраудың хакері” деп таныстырған азамат белсенділік танытқан болатын.
Ол аталған іске қатысты жеке “тергеу” жүргізгенін мәлімдеп, түрлі болжамдарын жариялаған. Оның видеолары әлеуметтік желіде кең тарап, көп қаралым жинады.
Алайда күдіктінің айтқан мәліметтері мен жорамалы ресми түрде расталмаған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
Пікір жоқ