Фото авторы: Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол
Атырауда Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты алдын ала сот отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Newmedia.kz тілшісі.
Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Онда айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы жұбайының туған ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне әкеп соққан оқиғаның мән-жайы баяндалған.
Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол
"Ол (айыпталушының - еск.) балалары белгілі бір себептермен ата-анасының үйіне жеткізіліп, сонда тұрып жатқаны туралы мәселе көтермек болған. Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевқа қалада тұрған кезде балалар мен Мұқанғалиеваға өз бетінше күтім жасай алмайтынын айтқанда, олардың арасында келіспеушілік басталған", - деп жазылған айыптау актісінде.
Прокурордың сөзінше, бұл мәселе шешімін таппаған, кейін Мұқанғалиев жеке сөйлесу үшін қалаға келетінін жеткізген.
2025 жылы 14 мамырда ол Атырауға келіп, Сәрсемәлиевпен байланысқан. Олар Бейбарыс даңғылының бойында орналасқан теміржол вокзалында кездескен. Олар арадағы келіспеушілікті қайта талқылаған, бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.
"Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевқа ауылға біржола көшіп кетпегенін, отбасының жеке заттары мен киім-кешегі уақытша жалдамалы пәтерде екенін, Атырауға қайта көшу жоспары бар екенін айтқан", - деді прокурор.
Тергеу мәліметі бойынша ол осы мекен жайға барып, бұған көз жеткізуді ұсынған. Мұқанғалиев келісіп, содан кейін олар көрсетілген мекен жайға бет алған.
Үйдің ішінде олар залға кіріп, осы жерде әрі қарай мәселені талқылаған. Алайда тағы да келіспей, арты төбелеске ұласқан.
"Жанжал барысында Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевтан физикалық тұрғыдан әлсіз екенін және оған қарсылық көрсете алмайтынын түсініп, қасақана кісі өлтіруге бел буған", - деп жазылған айыптау актісінде.
Мәліметке сүйенсек, ол ас үйге барып, пышақ алған және айқас кезінде жәбірленушінің ішіне бірнеше соққы жасаған. Алған жарақаттарынан Наурыз Мұқанғалиев оқиға орнында көз жұмған.
Іс материалдары бойынша осыдан кейін Сәрсемәлиев қылмыс ізін жасыруға тырысқан: марқұмның сүйегі жеке үйдің ауласына жасырылған.
Пікір жоқ