Фото авторы: желі
Астанада жедел жәрдем станциясында 850 млн теңге жымқырғандар әшкереленді - деп хабарлайды Newmedia.kz
Астанада прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен бірлесіп, жедел жәрдем станциясында бюджет қаражатын ұзақ жылдар бойы жымқырып келген тұлғаларды анықтады. Бұл туралы ақпарат агенттігі хабарлады.
Тергеу барысында 2020–2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясында санитарлық автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектер заңсыз есептен шығарылып, көрсетілмеген қызметтер үшін жалған келісімшарттар жасалғаны белгілі болды. Соның салдарынан кейбір жедел жәрдем көліктері шақыртуларға мүлде шықпай қалған, ал бірқатары мүлдем пайдаланудан шығарылған.
Прокуратура мәліметінше, қазіргі таңда «103» қызметінің автопаркі толықтай қалпына келтірілген.
Аталған іс бойынша төрт адам ұсталды. Олардың қатарында жедел жәрдем станциясының директоры, екі орта буын басшысы және бір қызметкер бар. Мемлекетке келтірілген залал көлемі - 850 миллион теңге.
Күдіктілердің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша - сеніп тапсырылған бөтен мүлікті адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласу арқылы, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, аса ірі көлемде бірнеше рет иемдену ретінде сараланды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Пікір жоқ