Фото авторы: gov.kz
Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында 26 жастағы қыздың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Облыстық полиция департаменті қайғылы оқиғаны растады, - деп хабарлады Newmedia.kz
Полиция мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікпен ер адамның жеке басы анықталып, ол ұсталған. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм бұған дейін бірге тұрған. Олардың арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен оған түрткі болған жағдайларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға алдында ғимарат ішінде жанжал болып, артынша айқай-шуды естіген. Олардың сөзінше, барлығы санаулы минуттың ішінде болған. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келген кезде қыз қансырап жатқан. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Сондай-ақ куәгерлер марқұм мен оның бұрынғы сүйіктісі арасында жанжал болғанын айтады. Олардың болжамынша, ер адам қыздың басқа азаматпен қарым-қатынас орнатқанына наразы болуы мүмкін. Дегенмен бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Пікір жоқ