Фото авторы: ТЖМ
Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратында болған өрттің алдын ала себебі белгілі болды. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Мамандардың айтуынша, өрт шамамен 300 шаршы метр аумақты қамтыған. Жалынның жылдам таралуына шатырда жанғыш материалдардың көп болуы және ағаш жабындардың қолданылуы әсер еткен.
Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Қазіргі уақытта оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, әкімдік ғимаратының шатыры соңғы рет 2024 жылы жөндеуден өткен. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өрттен кейін әкімдік қызметкерлері уақытша қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды. Ғимаратта жалпы саны мыңнан астам адам еңбек етеді.
Еске салайық, өрт 2026 жылғы 7 сәуір күні кешкі уақытта Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан облыстық әкімдік ғимаратында шыққан. Алты қабатты әкімшілік нысанның шатыры отқа оранған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары оқиға орнына небәрі 5 минут ішінде жеткен. Алғашқы жеткен бөлімшелер үш түрлі жерде жану ошағын анықтаған.
Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер мен 40 техника жұмылдырылып, нәтижесінде тілсіз жау 300 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Пікір жоқ