Қоғам

Ақтауда оқушы қыз жасөспірімдерден қорлық көрген

Echo

Фото авторы: ЖИ көмегімен жасалған




Ақтауда жетінші сынып оқушысы бірнеше рет жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы ақпарат тарады. Полиция пікір білдірді. 

Кәмелетке толмаған қызға қатысты жантүршігерлік ақпарат "Немолчи.kz" қорының парақшасында жарияланды. Мәліметке сәйкес, оқиға былтыр қыркүйекте басталған.

"Жетінші сыныпта оқитын қызды мектептен кейін ұстап алып, құрылыс алаңына күштеп апарып, қорлап, соның бәрін телефонға түсірген. Топ болып, жыныстық сипаттағы қатыгез әрекеттер жасаған, интим жерлеріне темекі тығып, ішіне секіріп, ұрып-соққан", – делінген жазбада.

Сондай-ақ, олар кеңсе пышағымен қыздың денесіне сөздерді ойып жазғаны айтылған. Қор мәліметінше, зорлық-зомбылық бірнеше рет қайталанған. Қыз оқиғаны біреуге айтуға қорқып, депрессияға түскен. 

Қордың мәліметінше, қазір қыздың психологиялық жағдайы ауыр: ол бірнеше рет психиатриялық клиникада ем қабылдаған және өз-өзіне қол жұмсауға бірнеше рет әрекет жасаған.

"Олар өзі өлуі керек екенін қыздың санасына құйып тастаған. Қорлау, ұрып-соғу және зорлау арқылы оны соған сендірген, қазір ол өзін және өз денесін жек көреді, өзін лас әрі өмір сүруге лайықсыз деп санайды", – делінген жазбада.

Жазбада күдіктілердің ешқайсы ұсталып, жауапқа тартылмағаны айтылған. Олардың барлығы бостандықта жүрген көрінеді.

Tengrinews.kz Маңғыстау облыстық Полиция департаментінен ресми пікір алған. Ведомство мәліметінше, аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі ("Кәмелетке толмағанды зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деді Маңғыстау облыстық ПД өкілдері.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру