Қоғам

Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің мерзімі тағы нақтыланды

Echo

Фото авторы: t.me/ilzat_akchurin




Алматы әкімдігі «Қалқаман» метро бекетінің құрылысын 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқтауды жоспарлап отыр.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, cол жақтағы тоннельде рельстер төселіп, жарықтандыру, кабель тарту, су құбыры мен дренаж жүргізу, инженерлік жабдықтарға арналған кронштейндер орнату жұмысы аяқталды. Алдағы уақытта бейнебақылау, дауыс хабарлау жүйесі, өрт және күзет дабылдарын монтаждау жоспарланған.

Оң жақ тоннельде қазу жұмысының негізгі бөлігі аяқталды. Бекет аумағында монолитті құрылымдар бойынша жұмыс соңғы кезеңде. Сонымен қатар әрлеу, коммуникациялар тарту және жабдықты орнатуға дайындық жүріп жатыр. Құрылыс тәулік бойы жүргізіліп жатыр, нысанда 478-ден астам маман жұмыс істейді.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапасын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімнен ауытқымау қажеттігін атап өтті. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін аяқталуы тиіс.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Қалқаман» метро станциясының құрылысы қажетті қаржы уақтылы бөлінсе, 2026 жылдың алғашқы жартысында аяқталатыны жөнінде хабарланған болатын.

Бастапқы жоспарда станция 2025 жылы ашылады деп қарастырылған. Оның пайдалануға берілуі тәулігіне жолаушылар ағынын қосымша 20 мың адамға арттырады деп болжанған. Алайда кейін бұл мерзім 2026 жылға ауыстырылды.

Сондай-ақ 2030 жылға дейін «Барлық» базарына дейін тағы үш жаңа станция салу жоспарланып отыр. Ол жерде ірі көлік-логистикалық аумақ – Батыс автовокзалы, LRT және метро станциялары бар интеграцияланған көлік хабы құрылмақ.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру