Фото авторы: depositphotos.com
25 ақпанда сағат 11:00-де Алматы қаласында сиреналар қосылды,- деп хабарлайды Newmedia.kz
Бұған дейін осы күні «Көктем 2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеріс жүргізілетіні хабарланған болатын.
Қала әкімдігінің мәліметінше, тексеріс барысында «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша сиреналар аз уақытқа іске қосылған. Бұл – жоспарлы оқу-жаттығу шеңберінде жүргізілген шара.
«Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін беріледі», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, 25-26 ақпан күндері Алматыда «Көктем 2026» республикалық оқу-жаттығуы өтеді. Іс-шара аясында қаланың барлық ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазарту бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сиреналар бүкіл Қазақстан аумағында жоспарлы түрде қосылған.
Пікір жоқ