Фото авторы: ТЖМ
Алматыда Жетісу ауданындағы қоймадан өрт шықты, - деп хабарлайды Newmedia.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
«Өрт шыққан орынға құтқарушылар 9 минут ішінде жеткен. Алғашқы бөлімше келген сәтте қойма ашық жалынға оранып тұрған. Оқиға орнында ТЖ департаменті басшысының басқаруымен жедел штаб құрылды. Өртті ауыздықтау үшін төрт жауынгерлік бағыт ұйымдастырылды. Ғимарат алдын ала электр қуатынан ажыратылып, тілсіз жауды сөндіруге және жанындағы құрылыстарды қорғауға өрт сөндіру оқпандары пайдаланылды», – деп жазылған хабарламада.
Өртті өшіруге жедел қызметтердің күші мен "ҚТЖ" дайындаған өрт сөндіру пойызы тартылды.
«Оқиға ТЖМ-нің толық бақылауында. Жедел жағдайды қадағалау үшін өрт болған аумақтан бейнеқұжаттама нақты уақыт режимінде ТЖМ-нің жедел басқару орталығына беріліп отыр», – деп мәлімдеді министрлік.
02:59-де ведомство өрттің 3150 шаршы метр аумақта толықтай ауыздықталғанын хабарлады. Сондай-ақ құтқарушылардың айтуынша, зардап шеккендер жоқ.
Пікір жоқ