Фото авторы: видео кадры
Алматыда пәтерін жалға беріп, кейін тексеруге келген үй иесі жантүршігерлік көріністен үрейленіп қалған. Пәтерде төңкерілген жиһаз, сынған ыдыс-аяқ және қабырға мен еденде қан іздері болған. Полицейлер тексеріс жүргізіп, пәтерде не болғанын айтты.
Желіде пәтердің видеосы жарияланды. Кадрларда үй ішінде қырғын болғандай көрініс байқалады: жиһаздар төңкерілген, ал қабырғалар, еден, есіктер мен басқа да заттар қанға боялған.
Жазбада бұл жалға берілген пәтер екені айтылады.
"Оқиға Бостандық ауданындағы пәтерлердің бірінде болғаны анықталды. Тұрғын үйде апалы-сіңілі қыздар болған. Сынған шыны бөтелке біреуінің аяғын кесіп кеткен. Оқиға орнындағы қанды іздердің көп болуы дәл осы жарақатқа байланысты", - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ полиция өкілдері қыздармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Пікір жоқ