Фото авторы: gov.kz
Алматы облысының Талғар ауданында жалпы құны 19,3 млрд теңге болатын екі ірі агроөнеркәсіп жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Newmedia.kz
Жобалар толық іске қосылғанда 461 адам жұмыспен қамтылады.
Бірінші нысан – «ALATAU GREEN PRODUCTION» заманауи жылыжай кешені. Оның құны 17,3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 4 мың тоннаға дейін көкөніс өндіруге қауқарлы.
Кешен 16 гектар жерде орналасқан. Мұнда 4 гектар қысқы және 4 гектар жазғы жылыжай салынып, көшет өсіру мен салат дақылдарына арналған бөлімшелер жабдықталады.
Жобаның ерекшелігі – 9 177 шаршы метр аумақты алатын көкөніс сақтау қоймасы. Ол 6 мың тонна көкөністі ұзақ мерзімге, 720 тонна жемісті қысқа мерзімге сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің құрылысы шамамен 80 пайызға дайын. 4 гектар аумақта шыны жылыжайлар тұрғызылып, жерасты инженерлік коммуникациялары тартылуда. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Екінші жоба – «Қайрат» индустриялық аймағында «СТРОЙИНВЕСТ – TS» ЖШС салып жатқан көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешен. Оның құны 2 млрд теңге, жобаға 18,45 гектар жер бөлінген.
Кешен құрамында жалпы сыйымдылығы 10 мың тонна астық сақтайтын заманауи силостар бар. Жөнелту қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға жетеді.
Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымы толық аяқталып, газ желілерін тартудың қорытынды жұмыстары жүргізілуде. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында. Кәсіпорын іске қосылғанда 61 жұмыс орны ашылады.
Жалпы алғанда, жобалар өңірдің агроөнеркәсіп әлеуетін арттырып, көкөніс өндірісі мен астық логистикасын дамытуға ықпал етеді.
Пікір жоқ