Фото авторы: Yandex карта
Алматы әуежайында әуе рейстері кешігіп жатыр. Ішкі және халықаралық әуе рейстерінің кешігуіне ауа райындағы қолайсыздықтар себеп.
Алматыда қалың қар жауып, әуежайдың жұмысы тұралап қалды. Мысалы, 03:55-те ұшуы тиіс болған Emirates EK 242 рейсінің уақыты бірнеше рет өзгеріп, сағат 20:35-ке жоспарланып отыр.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Аталған кешігулер бұған дейін хабарлағанымыздай, ауа райының қолайсыздығынан болып отыр. Қазіргі уақытта әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, кешіктірілген рейстер кезек тәртібімен ұшып жатыр. Түнгі уақытта кешіккен рейстердің барлығы жіберілді. Экипаждардың жұмыс уақытына қойылған шектеулерге байланысты FlyDubai және Qatar Airways авиакомпаниялары осы рейстер бойынша кешіктіру уақытын белгісіз мерзімге ұзарту туралы шешім қабылдады. Рейстерге қатысты қосымша ақпарат алу үшін тиісті авиакомпанияға тікелей жүгінулеріңізді сұраймыз», – делінген хабарламада.
Әуежай қызметкерлері жолаушыларға өз авиакомпаниясынан мәліметті алдын ала нақтылап алуды және әуежайдың ресми сайтында жарияланған рейс кестесін үнемі бақылап отыруды ескертеді.
Алматыда бір-ақ түнде қардың қалыңдығы 35 сантиметрге дейін жеткен. Бұл – айлық норманың шамамен жартысы. Ауа температурасы –3°C-қа дейін төмендеп, түнде –10°C-қа дейін суық болуы ықтимал.
Пікір жоқ