Қоғам

23 жастағы қызды зорламақ болды деген әкімнің жазасы жеңілдетілді

Echo

Фото авторы: Instagram / Нұрлан Сейілбеков, «Патриот»




23 жастағы қызды зорламақ болды деген әкімнің жазасы жеңілдетілді, - деп хабарлайды Newmedia.kz 

Қарағанды облысында қарамағындағы жас қызметкерге күш көрсетті деп айыпталған ауыл әкіміне қатысты сот процесінде күтпеген бетбұрыс болды. Мемлекеттік айыптаушы істі аяқтауға жақын қалғанда өз ұстанымын өзгертіп, ауыр айыптан бас тартты.

Шет ауданы Ақшатау кентінің 47 жастағы әкімі Нұрлан Сеилбеков сот отырысына айдауылмен жеткізілуде. Ол қазіргі уақытта тергеу изоляторында қамауда отыр. Прокуратура өкілі жарты жыл бойы шенеунікті «зорлауға оқталу» бабы бойынша айыптап келген. Алайда үкім шығарылар алдында аудан прокурорының міндетін атқарушы судьяға жаңа айыптау актісін ұсынды.

Енді әкімге Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы — «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша айып тағылып отыр. Мемлекеттік айыптаушы ауыр қылмыс санатына жататын баптан толықтай бас тартты.

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға 2025 жылғы 3 мамырда таңғы сағат 06:00 шамасында қызметтік пәтерде болған. Прокурордың жаңа нұсқасында әкім мен 23 жастағы қызметкер арасында жанжал туындағаны айтылады. Қыз өз ата-анасына бұрын жасалған түсік жайлы айтуын талап еткен. Ал әкім бұған келіспей, оның талабын тоқтату мақсатында күш қолданған.

Айыптау актісінде шенеуніктің жәбірленушіні бірнеше рет бетінен ұрып, мұрнынан қан ағызғаны, итеріп, денесіне жарақат салғаны көрсетілген.

Алайда жәбірленуші тарап бұл тұжырыммен келіспейді. Қыздың айтуынша, әкім оған зорлық көрсетуге әрекеттенген, ал қарсылық білдірген кезде соққыға жыққан. Сонымен қатар, ол 2024 жылдың қаңтар айында әкімнің мас күйінде келіп, зорлағанын, соның салдарынан жүкті болып, кейін түсік жасатуға мәжбүр болғанын жеткізді. Дегенмен, бұл эпизод тергеу барысында дәлелденбегендіктен, айыптау актісіне енгізілмеген.

Жәбірленушінің ата-анасы — ішкі істер органдарының ардагерлері. Олар прокуратураның шешіміне ашық наразылық білдіріп отыр.

Жәбірленушінің әкесі Асыл Рахымжановтың айтуынша, сот-медициналық сараптама қызының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келгенін растаған, сондай-ақ психологиялық күйзеліске түскені анықталған. Оның сөзінше, сот барысында куәгерлер жауаптарын өзгерткен жоқ, жаңа деректер де пайда болмаған.

Жәбірленуші Ақшатау кенті әкімдігіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан.

Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр. Іс бойынша түпкілікті үкім әлі шыққан жоқ.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру