Қоғам

2026 жылдан бастап жәрдемақы мен зейнетақы 10%-ға өседі

Echo

Фото авторы: желі




2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылар 10 пайызға ұлғаяды. Бұл «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көзделген. Өсім деңгейі ҚР Ұлттық банкі айқындайтын болжамды инфляцияға сәйкес есептеледі.

Бұл туралы Newmedia.kz Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғарғысын 120 пайызына дейін кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып жатыр.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге дейін өседі (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы). Ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені құрайды (күнкөріс деңгейінің 118%-ы).

Мысал ретінде:
2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы азамат 2025 жылы бюджеттен 171 588 теңге зейнетақы алған. Оның ішінде 50 851 теңге – базалық, 120 737 теңге – ынтымақты зейнетақы.
2026 жылғы өсімді ескергенде, бұл азаматтың жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды. Оның ішінде:
– базалық зейнетақы – 60 005 теңге,
– ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге.
(Бұл сомаға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді.)

Жәрдемақылар қалай өзгереді?

2026 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшері де өседі:

  • Бала тууына берілетін жәрдемақы:
    – 1, 2, 3 балаға – 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін,
    – 4 және одан көп балаға – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін артады;

  • Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы:
    – 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін,
    – 10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін өседі;

  • Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы:
    – I топ – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін,
    – II топ – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін,
    – III топ – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін көбейеді.

Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек беріледі.

Министрліктің түсіндіруінше, бұл төлемдердің нақты мөлшері әр адамға жеке есептеледі және соңғы екі жылдағы табысқа, әлеуметтік аударымдарға, еңбекке қабілеттілік коэффициентіне, асырауындағы адамдар санына және еңбек өтіліне байланысты болады.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру