Фото авторы: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау және оларды кейіннен ауыл шаруашылығы айналымына енгізу үшін мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды Newmedia.kz
Министрлікке қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде Қазалы ауданында жалпы ауданы 1 571 гектар жер учаскесінің пайдаланылмай отырғаны анықталды.
Осыған байланысты департамент Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берді.
Сот шешімімен талап қою арызы толық қанағаттандырылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министрлік пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Басты мақсат – жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жер учаскелерінің ұзақ уақыт бойы игерусіз жатуына жол бермеу және оларды ауыл шаруашылығы өндірісіне тартуға қажетті жағдай жасау.
Мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелері алдағы уақытта жер заңнамасының талаптарына сәйкес тиімді пайдалану үшін қайта беріледі.
Пікір жоқ