Фото авторы: Экология министрлігі
"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына жіберілген аталық және ұрғашы жолбарыстың арасы қазір 20-25 шақырымды құрайды. Мамандар жыртқыштардың алдағы уақытта бір-бірін табатынына сенімді. Сонымен қатар жолбарыстар елді мекендерге жақындаған жағдайда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы шаралар қарастырылған, – деп хабарлайды Newmedia.kz
Жолбарыстар бір-бірін қалай табады?
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жолбарыстарды табиғатқа жіберу реті кездейсоқ таңдалмаған. Алдымен ұрғашы жолбарыс босатылған.
Бұл оған жаңа ортаға бейімделуге, өз аумағын белгілеуге және көбеюге дайындалуға мүмкіндік береді. Ұрғашы жолбарыс жүрген аумағында өз иісін қалдырады. Кейін табиғатқа жіберілген аталық жолбарыс осы белгі арқылы оны табуы тиіс.
– Қазіргі таңда екі жолбарыстың арасында 20–25 шақырым бар. Олар бір-бірін табады деп ойлаймыз. Ұрғашы жолбарыс алдымен өз аумағын белгілеп, жаңа ортаға бейімделуі керек. Кейін аталық жолбарыс оны табуға тиіс, – деді Әлібек Қуантыров.
Дегенмен екі жыртқыштың нақты қашан кездесетіні әзірге белгісіз. Мамандар олардың жаңа ортаға бейімделуін, қозғалыс бағытын және мінез-құлқын бақылап отыр.
Бұған дейін Қазақстанға әкелінген алғашқы жолбарыстың табиғи ортаға бейімделіп, өз бетінше аң аулап жүргені хабарланған еді.
Пікір жоқ